Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссия отырысында «Қазақ тілі» қоғамының жұмысы таныстырылды

27 мамыр 2024 ж.

Жиында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы Қоғамның қызметі мен жұмыс жоспарын таныстырды.

«Қазақ тілі» қоғамының жұмысы негізгі үш бағытты қамтиды. Алғашқысы – қазақ тіліндегі мазмұнды арттыру. Бұл бағытта балалардың қазақша сөйлеуіне қажет құралдардан бастап, әр адамның тұлға және маман ретінде қалыптасуына керек мазмұн қорын көбейтуге бағытталған шаралар кешені дайындалды. Екінші бағыт – қазақ тілін оқытудағы білім беру жүйесіне қолдау көрсету. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқыту әдістемесін жетілдіру, мұғалімдерге қолдау көрсету мақсатында еліміздің барлық аймағында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің республикалық форумы өткізіліп жатыр. Көкшетау, Қарағанды, Павлодар (Қызылжар) қалаларында осындай форумдар өткізіп, мұғалімдердің ортақ қауымдастығы құрылды. Жыл соңына дейін барлық өңірді қамтуды жоспарланған.


Үшінші бағыт – технологиялар мен қазіргі IT саласындағы жетістіктерді тілді дамыту үшін тиімді қолдану. Цифрлық даму министрлігімен бірге қазақ тілді стартаптарды қолдау гранттарын тағайындап, тілдік модельді дамыту үшін ЖИ қазақша сапалы сөйлету жобаларын бастаймыз.

Былтырғы жылдың 12 қазанында Рауан Кенжеханұлы ҚР Президенті Қ.Ж. Тоқаевтың қабылдауында болып, «Қазақ тілі» қоғамының қаржылай қауқарлы, ұйымдастырушылық әлеуеті зор ұйымға айналдыру тетігі ретінде – Qazaq Tili эндаумент қорын құруды ұсынған еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы бастамаға қолдау білдіріп, Qazaq Tili эндаумент қорына алғашқы болып жеке үлесінен 7 млн теңге көлемінде жарна аударды. Мемлекет басшысының жеке қолдауын еліміздегі ірі-ірі кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер мен қарапайым адамдар жалғастырды. Атап айтқанда, Freedom Finance, Kusto Group, Alageum Electric, BI Group, «Асылтас» қоры, NAK және Invictus компаниялары мен жеке кәсіпкерлер, тіл жанашырларының қорға аударған жалпы үлесі 500 млн теңгеден асты.
Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірге әлемдегі ең ірі музейлердің каталогтарын, дүние жүзінің анимация жауһарларын қазақ тіліне аудару жұмысы басталды. Әлемдік Дисней компаниясы Қоғам тарапынан жасалған ұсынысты қарастырып, биыл шығатын үш жаңа анимациялық фильмін қазақ тіліне өз қаражатына аударды.
BI Group холдингімен бірлесе отырып, қазақ тілін үйренушілерге арналған онлайн курстар кешені жасалды. 
«Оқу сауаты» және «Жазу мәдениеті» жобалары аясында Білім инновациялық лицейлерімен бірге «Жарқын болашақ» олимпиадасы өтті.