Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы – тіл жанашырларының басын біріктіруші ең үлкен алаң.
Қазақ тілі – ел бірлігінің, болмысының және болашағының негізі.
Біздің миссиямыз – оны ұлттық деңгейде дамытып, халықаралық деңгейде мойындату, жастарға заманауи, тартымды етіп ұсыну, ғылым мен технология тіліне айналдыру, сондай-ақ мемлекеттік мәртебесін толыққанды іске асыруға ықпал ету.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X мерейтойлық құрылтайына қатысты. Пленарлық отырыс басталар алдында Президент Қоғамның қазақ тілін білім мен мәдениет салаларында, цифрлық ортадағы қолданыс аясын кеңейтуді көздейтін бастамалары қойылған көрмені аралады.
Президентке «Қазақ тілі» қоғамы қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру, қазақша мазмұнды байыту және жаңа технологиялар саласында тілдің қолданыс аясын кеңейту секілді үш негізгі бағыт бойынша жобаларды жүзеге асырып жатқаны жөнінде баяндалды. Рауан Кенжеханұлы OpenAI компаниясымен бірлескен жоба аясында көлемі 14 миллиард токен болатын мәтін корпусы қалыптасқанын және 12 мың сағат аудиожазба жинақталғанын айтты. Соңғы үш жылда Disney, Pixar және Sony студияларының 13 танымал фильмі қазақ тілінде дыбысталып, үлкен экранға шықты.