Мемлекет басшысы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X мерейтойлық құрылтайына қатысты

10 қараша 2026 ж.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X мерейтойлық құрылтайына қатысты.

«Сонау 1989 жылы іргесі қаланған ұйымның Егемен ел тарихындағы орны бөлек. Кезінде көрнекті ғалымдар – академиктер Әбдуәли Қайдар және Өмірзақ Айтбайұлының бастамасымен құрылған «Қазақ тілі» қоғамының тарихи жолын қазіргі буын өкілдері мен белгілі тіл мамандары лайықты жалғастырып келе жатыр. Бүгінде Ұйым мүшелері көптеген тиімді іс-шараларды, жасампаз жобаларды табысты жүзеге асыруда. Мен Мемлекет басшысы ретінде «Қазақ тілі» қоғамының әр мүшесіне шынайы ризашылығымды білдіремін» деп бастады сөз басын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының X мерейтойлық құрылтайында сөйлеген сөзінде қазақ тілінің ел бірлігін нығайтудағы рөліне тоқталды.

"Тіл – баршамызға ортақ құндылық. Тіл – Алланың құдіретінің арқасында адамдарға берілген үлкен сый әрі мүмкіндік. Тіл – адамзаттың негізгі жетістігі. Адам баласының ойдағыдай дамуының ең басты себебі де – тіл. Біз өркениетті ел ретінде ана тіліміз – қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін бір ел болып табанды жұмыс істеуіміз керек. Бүгінгі жиынның басты мақсат-міндеті де – осы" дей келе, Президент қазақ тілін дамыту жолында атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді.

Пленарлық отырыста Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлы баяндама жасады. Ол Қоғам жұмысының негізгі бағыттарына тоқталып, қазақ тілін үйрету әдістемесін жетілдіру, қазақша мазмұн қорын байыту және жаңа технологияларда қазақ тілін кеңінен қолдану жолындағы атқарылған істер туралы айтты.

«Біз «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайында Қоғам мен оның серіктестері атқарып жатқан жұмыстың бір бөлігін ғана таныстырдық. Бірақ қай бастама, қай жоба болмасын, біз бірінші кезекте Қазақстанның ел ретінде күшейуін, қоғам болып ұйысуын, мемлекеттілігінің нығаюын ойлаймыз. Тіліміздің киесі мен қасиеті – осыған жол ашатын күш екендігіне кәміл сенеміз», – деді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлы.

2023 жылы "Қазақ тілі" қоғамының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін Qazaq Tili Endowment қоры құрылды. Мемлекет басшысы қорға алғашқы болып өз қаражатынан 7 млн теңге жарна аударды. Президент бастамасын бизнес өкілдері мен тіл жанашырлары жалғап, қорға түскен жарна көлемі 824 млн теңгеге жетті. Qazaq Tili Endowment қорының арқасында Қоғамның қаржылық дербестігі нығайып, жұмысын орнықты жүргізуіне мүмкіндік туды.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы OpenAI компаниясымен бірлесіп, ChatGPT моделінің қазақ тілінде жұмыс істеу сапасын жақсартуға күш салып келеді. Екі тараптың ынтымақтастығы туралы келісімге 2025 жылғы қарашада Мемлекет басшысының Америка Құрама Штаттарына барған ресми сапары кезінде қол қойылған.

Өткен бір жылда осы жоба аясында 14 млрд токеннен тұратын мәтін корпусы мен 12 мың сағаттық аудиожазба қоры жиналды. Қазақша айтылған сөзді мәтінге айналдыратын модельдердің дәлдігі 98 пайызға жетті. Мәтін корпусына түрлі саладағы материалдар, тарихи мәтіндер мен шетелдегі қазақтардың тіл мұрасы енді. Бұған қоса, баспа мәтінді танитын, құжаттың құрылымын ажыратып, мәтінді автомат түрде өңдейтін құралдар жасалды. Бұл құралдардың көмегімен архив құжаттары мен оқулықтарды цифрландыру, қазақша ақпарат іздеу және оны өңдеу жеңілдейді.

Осы серіктестік қазақ тілін заманауи технологиялар кеңістігінде дамытып, оның жаһандық цифрлық экожүйеден өз орнын алуына жол ашқан маңызды қадам болды.

Қазақша мазмұн қорын байытудың маңызды бір бағыты – әлемдік кино туындыларын көрерменге қазақ тілінде ұсыну. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ascar Cinema компаниясымен бірлесіп, Disney, Pixar және Sony студияларының фильмдерін қазақша дубляждау жобасын қолдап, оларды кеңінен насихаттап, көрерменге жеткізуге атсалысып келеді.

Кейінгі үш жылда әлемдік деңгейдегі 13 фильм қазақшаға аударылып, үлкен экранға шықты. Бұл фильмдерді Қазақстанда 1 миллионнан астам адам көрді. Қазақша көрсетілімдерге келген көрермендердің жалпы көрермен санындағы орташа үлесі 9,5 пайыз болса, кей фильмдерде бұл көрсеткіш 16 пайыздан асты. Ал касса түсімінің орташа үлесі 10 пайызға жуықтады. 2023 жылға дейін қазақша көрсетілімдердің үлесі 1–4 пайыз ғана болса, 2024 жылдан бастап бұл көрсеткіш үш есе өсті.

Алдағы уақытта Қоғам халықаралық студиялармен серіктестікті кеңейтіп, қазақша шығатын фильмдердің үлесін кемі 20 пайызға жеткізуді, қазақша кино көретін аудиторияны көбейте түсуді көздеп отыр.

Қоғам қазақша кітап қорын толықтыру үшін кітап басу және аудару жобаларын да қолдап келеді. Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, 60 мың сөз бен 500 мыңнан астам сөз тіркесін қамтитын Oxford Qazaq ағылшын-қазақ және қазақ-ағылшын сөздігі әзірленді.

Кітап оқу мәдениетін дамытып, зерделі ұлт қалыптастыру үшін KITAP ұлттық цифрлық кітапханасын жетілдіру жұмысы жалғасып келеді. Қазақстанда баламасы жоқ бұл кітапханада 5 мыңнан астам электронды кітап пен мыңнан астам аудиокітап бар. Іске қосылғалы бері кітапхананы 4 миллионнан астам оқырман қолданған. Кітаптардың бәрі авторлық құқық талаптары сақталып орналастырылған. Сонымен бірге KITAP – «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафонының ресми серіктесі. Марафонға ұсынылған кітаптарды осы платформадан оқуға болады. Алда кітап қорын 20 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры отандық әдебиетті қолдап, кітап оқу мәдениетін дамыту үшін жаңа әдеби сыйлық тағайындады. Сыйлықтың бас жүлдесі – 10 миллион теңге. Ал балалар әдебиеті, жасөспірімдер әдебиеті және нон-фикшн санаттарының әрқайсысында жеңімпазға 5 миллион теңгеден беріледі.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы еліміздің барлық өңіріндегі қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің біліктілігін арттыру үшін ұстаздар форумын өткізіп келеді. Осы жылдар ішінде форумдарға 15 мыңнан астам ұстаз қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Педагогтердің кәсіби қауымдастығы құрылды.

«Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорымен бірлесіп өткізіліп жүрген «Жарқын болашақ» және «Ана тілі» республикалық олимпиадаларына кейінгі екі жылда 30 мыңнан астам оқушы қатысты. Жеңімпаздарға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға 61 грант берілді. Олимпиадаларға «Freedom Шапағат» қоры тұрақты түрде демеушілік жасап келеді.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен өтіп жүрген ауқымды «Ұлттық диктант» жобасына онлайн және офлайн түрде 300 мыңға жуық адам қатысты. Бұл маңызды жобаға Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мен «Қазақтелеком» АҚ тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді. Диктантты Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының til.kz сайтында онлайн жазуға да болады.

Тіл нормаларын жүйелеп, тілдің бай мұрасын сақтап қалу үшін «Қазақ тілінің әмбебап сөздігі» атты ұлттық цифрлық платформа құрылмақ. Жоба аясында 19 сөздік пен анықтамалық әзірленеді. Бұл мемлекеттік тілді жасанды интеллект пен заманауи технологиялар саласында кеңінен қолдануға жол ашады.

Жиында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов, Құрылтай депутаты Екатерина Смолякова, Қорғаныс министрлігі Орталық ансамблінің солисі Эльдана Габерман, UMC жүрек орталығының дәрігері Сардор Юлдашев, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Алина Кан, «Мобайл-Телеком Сервис» компаниясының маманы Максим Кузнецов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан және Л.Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультетінің студенті Диас Айдаралы сөз сөйледі.

Президент қазақ тілінің барлық салада, соның ішінде креативті индустрия саласында кең қолданыс тауып келе жатқанын, қазақ тілінде жарық көрген кітап, ән, фильмдердің нарықтағы үлесі ұлғая түскенін де тілге тиек етіп, "Төл тіліміз ұлтты ұйыстыратын, өркениетіміздің өрісін кеңейтетін "жұмсақ күшке" айналып келе жатқанын" атап өтті.

Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматқа мемлекеттік марапаттар тапсырды.

(Фотолар Ақорда ресми сайтынан алынды)