Қоғам туралы

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫНЫҢ ТАРИХЫ


Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы 1989 жылы Алматы қаласында өткен I құрылтайда құрылды. Құрылтай барысында Қоғам Жарғысы мен Бағдарламасы қабылданып, негізгі мақсат-міндеттері айқындалды. Қоғам өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Тіл туралы» заңы, ұйым Жарғысы, сондай-ақ, халықаралық құқық және жалпыадамзат құндылықтары негізінде жүзеге асырады.


1992 жылғы 26 қарашада Алматы қаласында республикалық «Қазақ тілі» қоғамының II құрылтайы өтті. Құрылтай шешімімен ұйымға Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мәртебесі берілді. Мемлекеттік тілге қатысты кешенді іс-шаралар I және II құрылтайлар аралығында жүйелі түрде жалғасын тапты. 1993-1995 жылдары Ақтөбе, Орал, Жезқазған, Семей, Талдықорған және Шымкент қалаларында көшпелі мәслихаттар ұйымдастырылып, нақты міндеттер мен іс-қимыл жоспары бекітілді.


1996 жылғы 21 қарашада Алматы қаласында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының III құрылтайы өтті. Құрылтай қорытындысы бойынша Қоғам қоғамдық ұйымдар туралы заңнамаға сәйкес республикалық мәртебе алып, қоғамдық бірлестік ретінде қайта құрылды. Осыған байланысты Қоғам Жарғысы жаңартылып, бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.


2004 жылғы 11 қарашада Астана қаласында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының IV құрылтайы өтті. Құрылтайда қазақ тілінің мәртебесін арттыру, ХХІ ғасырдағы жаһандану жағдайында оның даму болашағын айқындау мәселелері талқыланып, тиісті қаулы қабылданды. Қаулыда қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Тіл комитетін құру, «Тіл туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ «Қазақ тілі» қоғамының негізгі тірегі саналатын бастауыш ұйымдарды қалыптастыру секілді бірқатар маңызды бастамалар көтерілді.


2011 жылғы 22 қыркүйекте Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының V құрылтайы өтті. Құрылтайда қазақ тілінің қоғамдағы және мемлекеттік деңгейдегі қолданысын кеңейту мәселелері талқыланды. Жиында шетелдегі қандастардың ана тілі мен ұлттық дәстүрін сақтауға бағытталған бастамалар, соның ішінде, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының үйлестіруімен «Қазақ тілін үйрету орталықтары» желісін ұйымдастыру мәселесі көтерілді. Сонымен қатар заң жобаларын қазақ тілінде әзірлеу тәжірибесін жетілдіру және мемлекеттік мекемелердегі қазақ тіліндегі іс қағаздарының сапасын арттыру жайы сөз болды.


2021 жылғы 26 қарашада Түркістан қаласында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VI құрылтайы өтті. Құрылтай барысында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаттарын оқып берді. Түркістан төріндегі құрылтайда делегаттардың ашық дауыс беруі арқылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болып Берік Әбдіғалиұлы сайланды.


2023 жылғы 21 шілде күні «Қазақ тілі» қоғамының кезектен тыс VII құрылтайы Астана қаласында өтті. Құрылтайда ұйым президенті Берік Әбдіғалиұлы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өткен кезеңдегі қызметі туралы баяндама жасап, өзінің мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты қоғамдық бірлестік басшылығына Bilim Group компаниясының басшысы, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлының кандидатурасын ұсынды. Құрылтай делегаттарының ашық дауыс беруімен Рауан Кенжеханұлы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болып сайланды.

2025 жылғы 28 ақпанда Астана қаласы ҚР Президенттік орталығында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VIII құрылтайы өтті. Құрылтайда ұйым жұмысының тиімділігін арттырып, басқару тетіктерін оңтайландыру мақсатында Қоғамның құрылымдық жүйесі мен жарғысына өзгеріс енгізілді. Қамқоршылар кеңесі, Басқарма және Орталық кеңес мүшелері құрамы жаңартылып, толықтырылды.

2025 жылғы 10 желтоқсан күні Астанада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жылдық қорытынды құрылтайы өтті. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Рауан Кенжеханұлы 2025 жылға арналған іс-қимыл жоспары аясында атқарылған жұмыстарды таныстырды. Құрылтай барысында Qazaq Tili Endowment Foundation қорының қызметі, жарна туралы, Қоғам атынан берілетін марапаттар ережесі және аймақтық филиал төрағаларын сайлау ережелері таныстырылды.