Алматыда Disney мен Pixar-дың «Секіргіштер» анимациялық фильмінің тұсаукесері өтті

05 March 2026

4 наурыз күні Алматыдағы Cinemax Dostyk Multiplex кинотеатрында Disney мен Pixar студияларының жаңа анимациялық фильмі – «Секіргіштер» (Прыгуны) туындысының тұсаукесері өтті.

Шараға жұлдызды қонақтар, дубляж актерлері және медиа өкілдері қатысты. Көрсетілімге фильмнің қазақша нұсқасын дыбыстаған актерлер — lifestyle-блогер Рәзия Кузиева (Дайанның дауысы), актриса Фариза Ескермес (Рептилиялар патшайымдарының дауысы) және дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев (сондай-ақ Джордж патшаның дауысы) арнайы келді.

Кеш қонақтарының қатарында әнші Ayau, актер Тәуекел Мүслім, блогер Далер Мақұлбек (Dalbek), актриса әрі блогер Дамеля Свит, блогер Диас Алпысбаев (SixtyRich), актер Есентай Ниязбаев, «Қайрат» футбол клубының қақпашысы Шерхан Қалмырза, сондай-ақ медиа және digital-қауымдастық өкілдері болды.

Тұсаукесер аясында қонақтарға арналған интерактивті ойын аймақтары ұйымдастырылды. Экологиялық таза ағаштан жасалған ойындар — кульбуто, дженга, корнхол және керлинг — көрермендерге көрсетілім алдында уақытты көңілді өткізуге мүмкіндік берді.

Тұсаукесердің ресми серіктестері:
«Қазақ тілі» – Қазақстанда қазақ тілінің мәртебесін көтерумен айналысатын ірі қоғамдық ұйым.
Kino.kz – киноаңдатпа мен билет сатуды біріктірген онлайн платформа.
НТК – еліміздің жетекші телеарналарының бірі.
Mustafin Magazine – мәдениет пен жаңа трендтер туралы цифрлық журнал.

Фильм туралы

Disney мен Pixar-дың «Секіргіштер» анимациялық фильмінде көрермен жануарларды ерекше жақсы көретін Мейбл есімді қызбен танысады. Ол адам санасын жануарға ұқсас робот-құндыздың денесіне «көшіруге» мүмкіндік беретін жаңа технологияны сынап көріп, жануарлар әлемімен тілдесудің тосын тәжірибесін бастан кешіреді. Мейбл жабайы табиғаттың жұмбақ әрі қызықты әлеміне тап болып, Джордж патша есімді құндызбен достасады. Екеуі адамдардан төнген қауіпке қарсы тұру үшін жануарлар әлемін біріктіруге тырысады.

Фильмнің түпнұсқасында кейіпкерлерді Кэти Нэджими, Дэйв Франко және Мерил Стрип дыбыстаған. Режиссері — Дэниел Чонг, продюсері — Николь Паради Гриндл, ал музыканың авторы — Марк Мазерсбо.

«Секіргіштер» анимациялық фильмі қазақстандық кинотеатрларда көрсетіліп жатыр.