Ұлыбританияда Oxford Qazaq Dictionary сөздігінің таныстырылымы өтті
Oxford Qazaq Dictionary – Oxford Languages желісі мен Ұлттық аударма бюросының бірлескен лексикалық жобасы. Сөздікті әзірлеуде дүние жүзіне танымал Oxford екітілді сөздігін құрастыру әдістемесі мен технологиясы негізге алынды. Сөздік құрастыру жұмысы 4 жыл үздіксіз жүріп, оған қазақ және ағылшын тілінің лексикасына маманданған 50-ден аса тәжірибелі маман атсалысты.
Қазақша-ағылшынша және ағылшынша-қазақша OXFORD сөздігінің тұңғыш басылымын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Ұлттық аударма бюросы мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы дайындады. Әлемге танымал Oxford University Press баспасының ресми рұқсатымен 10 000 дана таралыммен басылып шықты.
Сөздік екі тілге негізделген. 60 мыңнан аса сөз қамтылған. Жалпы 1300 беттен тұрады. Қолданушыға ыңғайлы: түрлі ұғымдар мен бір сөздің тура және ауыспалы мағынасы сөздер жиілігінің ретімен берілген.
Сөздік құрастыру аясында қазақ және ағылшын тілі лексикасындағы өзгерістер, әсіресе, қазіргі мәдениет, ақпараттық технологиялар, медицина, экономика, қаржы мен сауда саласындағы жаңалықтар ескерілді. Сондай-ақ, сөздікте ағылшын және қазақ тілдерінің грамматикасы мен дыбыстау, емле ережелері түсіндірілетін қысқаша нұсқаулықтар, қазақ тіліндегі іскерлік және электронды хат-хабар жазу үлгілері берілді.
Сонымен бірге, осы сөздік негізінде қазақ тілі Oxford Global Languages платформасына қосылады. Бұл бастаманың мақсаты – әлемнің ірі де, іргелі 100 тілінің лексикалық қорын өзара байланыстырып, ортақ ғаламдық тіл корпусын жасақтау. Oxford Qazaq Dictionary қазақ тілін әлемдегі ең танымал әрі ең беделді сөздіктер желісімен байланыстырып, ғаламдық лингвистикалық ортаға қосылуға мүмкіндік береді.
Сөздік Freedom Holding Corp. қолдауымен 10 000 дана таралыммен басылды. Freedom Holding Corp. – еншіліс Freedom компаниясы арқылы қаржы қызметтері, брокерлік операциялар, инвестиция бойынша кеңес беру, бағалы қағаздар саудасы, инвестициялық-банктік және андеррайтингтік қызметтерді жүзеге асыратын холдинг. Холдинг негізін қалаушы – Тимур Турлов. Қазақстандық кәсіпкер, қаржыгер.
Сөздік Қазақстандағы оқу орындарының кітапханаларына таратылды. Жергілікті кітап дүкендерінде сатылымға шықты.
Анықтама
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы 1989 жылы 22 қыркүйекте құрылған. Ол қазақ тілін дамытуға ынталы тіл жанашырларын біріктіретін Қазақстандағы ең ірі қоғамдық ұйым. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қолданыс аясын кеңейту, беделін арттыру, қазақ мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын насихаттау, тілді қолдану мен оны үйретуде жаңа технологиялық әдістерді пайдалану бағыттарында қызмет атқарады.
Oxford Press University – Ұлыбританиядағы аса ірі әрі өте беделді баспа. Ұйымның қаржылық айналымы америкалық үздік баспалар мен Cambridge University Press баспасын қоса алғанның өзінде оларды басып озады. Әлемнің 60 елінде филиалы бар.