Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, «Қазақтелеком» және FireBird AI жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық меморандумына қол қойды
Digital Bridge 2026 форумы аясында «Қазақтелеком» АҚ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы және FireBird AI арасында ынтымақтастық туралы ресми меморандумға қол қойылды. Кездесуге «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин, «КТ-ТЕЛЕКОМ» ЖШС бас директоры О. С. Ақбаев, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, NVIDIA вице-президенті Rev Lebaredian, FireBird AI негізін қалаушылардың бірі әрі бас атқарушы директоры Razmig Hovaghimian, сондай-ақ FireBird AI негізін қалаушылардың бірі Alexander Yesayan қатысты.
Құжат жасанды интеллект технологияларында қазақ тілін қолдану аясын кеңейтетін ортақ бастамаларды зерттеуге арналған. Тараптар білім мен тәжірибе алмасып, технологиялық, инфрақұрылымдық және сараптамалық бағыттар бойынша серіктестік орнатуға ниетті. Негізгі міндеттер қатарына заманауи жасанды интеллект құралдарының қазақ тілінде сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз ету, сондай-ақ бұл шешімдерді Қазақстан азаматтары, бизнес пен ұйымдар үшін тиімді ету жобалары кіреді.
«Қазақтелеком ұлттық телекоммуникациялық компания ретінде қазақ тілінің цифрлық ортада лайықты орын алуына әрдайым қолдау көрсетеді. Біз үшін елімізде жасанды интеллекттің өркендеуі ана тіліміздің дамуымен қатар жүруі аса маңызды. Әрбір азамат жаңа технологияларды өз тілінде еркін пайдалана алуы тиіс, ал отандық мамандар ішкі нарықтың қажеттіліктеріне сай келетін өнімдерді өз бетінше жасай алатындай мүмкіндікке ие болуы керек. Бұл меморандум осындай мақсаттарға жету жолында тілдік сараптаманы, озық технологиялық әлеует пен инфрақұрылымды біріктіреді», – деді «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин.
Цифрлық кеңістікте қазақ тілін дамыту – азаматтардың жаңа технологияларды ана тілінде меңгеруіне және отандық мамандардың ішкі нарыққа арналған шешімдерді жасауға белсене қатысуына жол ашатын маңызды қадам. Бұл серіктестік ұлттық цифрлық инфрақұрылымның әлеуетін, кәсіби тілдік сараптаманы және халықаралық технологиялық тәжірибені бір арнаға тоғыстырады.
«Тіліміздің болашағы оның жаңа технологияларда қаншалықты кең қамтылғанына тығыз байланысты. Біздің міндетіміз – қазақ тілінің заманауи жасанды интеллект жүйелерінде қолданылуына жағдай жасау. Ол үшін тілдік сараптама мен технологиялық, инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді ұштастыру қажет. “Қазақтелеком” және FireBird AI компанияларымен ынтымақтастық осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға және қазақ тіліне арналған жаңа жобаларды бірге дамытуға мүмкіндік береді. Біз үшін бұл меморандум – жасанды интеллект дәуірінде ана тіліміздің мүмкіндіктерін арттыру жолындағы маңызды қадам», – деді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.
Меморандумға қол қою рәсімі «Қазақтелеком», «КТ-ТЕЛЕКОМ», Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, FireBird AI және NVIDIA өкілдерінің қатысуымен көпжақты кездесу аясында өтті. Құжат алдағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары мен міндеттерін айқындайды.