Блог

Кері қайту
Qazaq Tili Qogamy
Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы

“ҰЛТТЫҚ СЕЗІМ” жобасын қолдауға шақырамыз!

Қазір елімізде ұлттық киімнің сән-салтанатын көрсететін жалпыұлттық “ҰЛТТЫҚ СЕЗІМ” қозғалысы жүріп жатыр.

Бастамаға қосылған ұжымдар әр жұма күні жұмысқа ұлттық киіммен келеді. Ұлттық құндылыққа құрмет көрсетеді.

Қозғалысқа еліміздегі 100-ден аса компания қосылды.

Бұл – мәдени мұрамызды жаңғырту мен ұлттық идеяны қолдаудың ең ұтымды әрі тартымды жолы.

Бұл – ұлттық бірегейлігімізді айқындап, бірлігіміз бен отансүйгіштік, елдік рухымызды нығайтудың тамаша құралы.

Бұл – тарихи әрі мәдени мұрамызға, ең маңыздысы – мемлекеттік тілді тиісті тұғырына шығаруға көрсеткен құрметіміз.

Бұл – ұлттық костюм киіп қана қоймай, қазақша әдемі сөйлеу, қазақы қалыпқа оралу.

Біз, халықаралық “ҚАЗАҚ ТІЛІ” қоғамы құндылықтар мен ғасырлық дәстүрімізге құрмет көрсетуге, іс-қағаздарын толықтай қазақ тілінде жүргізіп, бизнес тілінің қазақшалануына үлес қосуға шақырамыз!

Ана тілімізде сөйлеп, ұлттық киімімізді үлкен мақтанышпен киіп, өз болмысымызға етене жақындау арқылы ұлттық ерекшелігімізді (кодымызды) айқындай түсеміз. Түпкі тегімізге ораламыз!

“ҰЛТТЫҚ СЕЗІМ” –  мағынаға толы, ұлттық бірегейлікті нығайта түсетін қадам болады деп санаймыз.