Disney студиясының «Лило мен Стич» фильмі қазақ тілінде көрсетіліп жатыр

21 May 2025

21 мамыр күні Алматыда Disney студиясының «Лило мен Стич» фильмінің қазақ тіліндегі тұсаукесер көрсетілімі өтті. Оған елімізге танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен депутаттар, дубляж актерлары мен блогерлер, БАҚ өкілдері қатысты.

Бұл – Disney-дің қазақ тілінде «сөйлеткен» бесінші фильмі. Фильмдерді түрлі елдерге бейімдеп, дубляждау – Disney компаниясында бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Disney жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдердегі 40-ға жуық нұсқасын дайындайды. «Қазақ тілі» қоғамының ұйытқы болуымен былтырдан бастап ірі халықаралық студиялар әлемдік премьераларын қазақ тілінде ұсына бастады. Осы бастама аясында Disney студиясы 2024 жылы «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша» деп аталатын үш фильмін қазақ тіліне аударып, дубляж жұмыстарын қаржыландырды. Биыл наурызда «Ақшақар» туындысы ұсынылған болатын.

Көрсетілімге дубляж актерларының толық құрамы, танымал тұлғалар қатысты. Олар: Disney студиясының «Лило мен Стич» фильмінің қазақ және орыс тіліндегі дубляж режиссері әрі Стичтің дауысы – Шах-Мұрат Ордабаев, Нани кейіпкерін дыбыстаған кино және театр актрисасы, дизайнер, блогер және қоғам белсендісі – Айжұлдыз Адайбекқызы, Пликлидің дауысын берген телерадио жүргізуші, әнші, актер және диктор – Қазбек Қасым, Дэвидтің дауысын салған стендап-комик – Руслан Тай.

Көрермендерге фильмді Meloman Entertainment кинокомпаниясының дистрибуция директоры Максим Колодкин мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы таныстырды.

Дубляж актерларының сұхбаттарын мына жерден көре аласыз:

 

Фильм трейлері: https://www.youtube.com/watch?v=8PuHpV29Lvw

Анықтама:

«Лило мен Стич» – өмірлік құндылықтарды насихаттап, мейірім мен шартсыз махаббатқа үндейтін нағыз отбасылық фильм. Диснейдің күлкі мен эмоцияға толы бұл туындысы қазақ тіліне аударылып, дубляждалды. Дубляжға әдеттегідей кәсіби білікті мамандар тартылды. Фильм сюжеті баланы да, ересекті де бей-жай қалдырмайды.