Павлодарда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің форумы өтті

19 декабря 2024 г.

Форумды Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Павлодар облыстық филиалы мен Павлодар облысы Білім басқармасы, Мәдениет, тілдерді дамыту және  архив ісі басқармасы бірлесе өткізді.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізгі жұмыс бағыттарының бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсету. Осы мақсатта еліміздің ірі облыстары мен қалаларында оннан аса аймақтық форум ұйымдастырылып, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған ортақ алаң – қауымдастық құрылды.

Бұл жолғы форумның ерекшелігі – орыс сыныптарына қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытатын мұғалімдерге арналды. Форумда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ғылым және білім жөніндегі вице-президенті Шерубай Құрманбайұлы қазақ тілін оқытудағы өзекті мәселелерді қозғап, ұсыныстарын айтса, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Білім беру бағдарламалары орталығы филиалының «Лингвистикалық бағыттағы пәндер» бөлімінің басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлыгүл Дәулеткереева «Оқушылардың тілдік дағдыларын дамытудың тың бағыттары: коммуникативтік тәсілдеме» тақырыбында сөз сөйледі. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Білім беру бағдарламалары орталығы филиалының «Лингвистикалық бағыттағы пәндер» бөлімінің аға менеджері, магистрант Алтынгүл Хасенова «Қазақ тілін оқытуға жаңа көзқарас: Тіл үйрету мақсатында таңдалатын мәтін ерекшеліктері» туралы қызық деректер ұсынды. Астана қаласындағы «Озат онлайн» оқыту орталығының директоры, IBars_Kids балаларды дамыту платформасының негізін қалаушы, оқу сауаттылығы тақырыбында сарапшы Қазыбек Сағидоллаұлы қазақ тілін оқытудың тың әдістеріне тоқталды. Ұстаздар қауымы сұрақ қойып, пікір алмасты. Шараға Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова қатысып, жиынды Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Асылбек Туғанбай жүргізді.

Жиында орыс мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудың тың әдістері, пән мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін арттыру, оқыту әдістемесін жетілдіру, мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту және педагогикалық шеберлігін арттыру, қазақтілді оқушылардың оқу сауаттылығы мен академиялық жазу мәдениетін дамыту, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуда цифрлық технологияларды қолдану мәселелері талқыланды.