1. Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы қандай бағыттарда жұмыс істейді?
Қоғам жұмысы үш үлкен бағыттан тұрады. Бірінші бағыт – мазмұн қорын арттыру. Баланың тілін қазақша шығаруға қажет құралдардан бастап, әр адамның қазақ тілі аясында тұлға және маман болып қалыптасуына, еркін дамуына қажет мазмұн қорын көбейту. Екінші бағыты – білім беру жүйесіндегі қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдістемесі және құралдарын жетілдіру. Мектептер аясында «Оқу сауаты» және «Жазу мәдениеті» жобаларын іске асыру. Үшіншісі – қазіргі IT технологияларды қазақ тілінің дамуына тиімді қолдану. Бұл бағытта ғаламдық алпауыттардың кең қолданыстағы платформаларын қазақшалау және өз мамандарымыздың қазақша мәтін тану, дыбыс тану, қазақша сөйлеу мен жазуға, жалпы қазақша жұмыс істеуге көмектесетін жүйелерін дамытуға жағдай жасау міндеті тұр.
2. Qazaq tili Endowment Qory не үшін құрылды? Міндеті қандай? Жұмыс істеу механизмі қандай?
Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы тілді тиімді дамыту үшін мемлекет, бизнес, қоғам және жеке тіл жанашырларын біріктіріп, жаңаша жұмыс істеу тетігі – QAZAQ TILI ENDOWMENT QORY құрылды. Бұл қордың басты міндеті – мемлекеттік тілді қолдау және дамытумен айналысатын еліміздегі ең ірі ұйым – «Қазақ тілі» қоғамының тұрақты әрі ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету.
3. Эндаумент қорының ерекшелігі неде?
Эндаумент қорының ерекшелігі – қорға жиналған қаржы жұмсалмайды. Қордағы қаражат басқаруға беріледі және инвестицияға құйылады. Инвестициялық қызметінен түскен табыс «Қазақ тілі» қоғамының жарғылық міндеттеріне жұмсалады.
4. Эндаумент қорына аударылған қаржының дұрыс жұмсалуын кім қадағалайды?
Qazaq Tili Endowment қорын беделді қоғам қайраткерлері, ғалым-лингвистер мен мемлекет өкілдерінен құралған тәуелсіз қамқоршылар кеңесі бақылайды.
5. Эндаумент қорын құру тәжірибесі әлемде кең таралған ба?
Әлем елдерінде білім беру мен әлеуметтік бағытта жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың тұрақты әрі ұзақмерзімді қызметін қамтамасыз ету үшін эндаумент қорын құру тәжірибесі кең таралған. Қазір Жапониядағы ғылым мен технология қоры, сонымен қатар, Стэнфорд, Гарвард университеттерінің қорлары дүние жүзіндегі ең ірі эндаумент қорларының қатарына кіреді. Қазақстанда да ірі университеттер, мектептер мен коммерциялық емес ұйымдардың эндаумент қорлары сәтті жұмыс істеп келеді.