Айдын Рахымбаев қазақ тілін дамытуға 150 млн теңге аударады
BI Group басшылығы мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қазақ тілін дамыту бағытындағы жобаларды жүзеге асыру үшін ұзақмерзімді әріптестік орнатты. Холдинг Qazaq Tili Endowment Qory-на 100 млн теңге көлемінде үлес қосады.
Оған қоса, BI Group басшылығы мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы тіл үйренуге арналған Qazaq Lingo қосымшасын дамыту, балаларға арналған кітаптар мен өзге де маңызды жобаларды бірлесе жүзеге асыруға келісім жасады. Холдинг осы жобаларды жүзеге асыруға 50 млн теңге бөледі. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы BI Group қолдауымен қазақ тіліндегі сапалы контент қорын көбейту үшін түрлі байқаулар ұйымдастыруды да жоспарлады.
«Біздің компания ұлттық бірегейлікті қалыптастыру мен дамытуда маңызды саналатын қоғамдық істердің үнемі басында келеді. Мәселен, шетелдік фильмдерді қазақ тіліне дубляждауға ұзақ жылдардан бері қаржылай қолдау көрсетіп келеміз. BINOM инновациялық мектептері Ыбырай Алтынсарин, Қаныш Сәтпаев, Әбіш Кекілбаев сынды қазақ ағартушылары мен ғалымдарының есімдерімен аталады. Ұлттық киім күні, сондай-ақ, Қазақ тілі күні біздің корпоративтік мәдениетіміздің бір бөлшегіне айналды. Сондықтан Мемлекет басшысының қазақ тілін дамыту бастамасын қолдау – азаматтық парызымыз. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамымен әріптестігіміз қазақ тілін дамытуға байланысты көп іске мұрындық болады деп сенеміз», - дейді BI Group директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахимбаев.
Қазақ тілін дамыту жобалары мен байқаулары жақында басталады.
BI Group компаниялар тобы – еліміздегі ірі инновациялық құрылыс холдингі, Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығының көшбасшы. Холдинг 1995 жылы құрылды. BI Group – құрылыс, девелопмент және инжиниринг сынды түрлі салаларда құрылымы әртараптандырылған холдинг.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы 1989 жылы 22 қыркүйекте құрылған. Ол қазақ тілін дамытуға ынталы тіл жанашырларын біріктіретін Қазақстандағы ең ірі қоғамдық ұйым. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қолданыс аясын кеңейту, беделін арттыру, қазақ мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын насихаттау, тілді қолдану мен оны үйретуде жаңа технологиялық әдістерді пайдалану бағыттарында қызмет атқарады.
Қорға қанша ақша жиналды?
Бұған дейін қорға қанша қаражат жиналғанын сенатта Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы айтып берген еді. Оның сөзінше, былтыр қорға 500 млн теңгеге жуық қаражат жиналған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қорға 7 млн теңге аударған.