Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жаңа президенті сайланды
Астана қаласында өткен халықаралық «Қазақ тілі» құрылтайына қоғамдық бірлестіктің төралқа және орталық кеңес мүшелері, Қазақстанның барлық аймағынан келген делегаттар мен елге танымал тіл жанашырлары, тілші ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Құрылтайда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жаңа президенті сайланып, ұйымның алдағы жұмыс жоспары талқыланды.
Құрылтайда ұйым президенті, қоғам қайраткері, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өткен кезеңдегі қызметі туралы баяндама жасады.
Берік Әбдіғалиұлы өзінің мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты қоғамдық бірлестік басшылығына Bilim Media Group компаниясының басшысы, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлының кандидатурасын ұсынды. Құрылтай делегаттарының ашық дауыс беруімен Рауан Кенжеханұлы «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті болып сайланды.
Сондай-ақ, құрылтай делегаттарының ұсынысы бойынша Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының орталық кеңесі мен басқарма құрамы жаңартылып, толықтырылды. Атап айтқанда, орталық кеңес және басқарма құрамына Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің басқарма төрағасы Дихан Қамзабекұлы, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, кәсіпкер-меценат, TAS Group компаниясының басшысы Дулат Тастекеевтер кірді.
Толығырақ: https://halyq-uni.kz/aleumet/23094-khalykaralyk-kazak-tili-kogamynyn-zhana-prezidenti-sailandy/