Haileybury Astana мектебінде «Ұлттық диктант» жобасы өтті
Бүгін Haileybury Astana мектебінің оқушылары «Ұлттық диктант» жобасы аясында диктант жазып, сауаттарын сынады.
Шара барысында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы мен Haileybury Astana мектебінің директоры Джон Коулз жобаның жастардың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін арттырудағы маңызына тоқталды.
«Ұлттық диктант» іс-шарасын Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірге өткізеді. Жоба ресми түрде 5 қыркүйек – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде басталды. Министрлер, депутаттар, ғалымдар мен тіл жанашырлары барлығы бірге отырып, диктант жазды.
Бұл – ұлтымызды біріктіретін, әр азаматты тілге жақындататын мәдени-ағартушылық жоба. Мақсаты – жазу мәдениетін дамыту, баршаны қазақ тілінде сауатты жазуға дағдыландыру, ең маңыздысы – тіл арқылы ұлттық бірегейлікті нығайту.
Жобаның негізгі жаңалығы диктантты онлайн форматта да жазуға болады. Ол үшін Қоғамның www.til.kz ресми сайтында арнайы «Ұлттық диктант» парақшасы жасалды. Жыл соңына дейін онлайн форматтағы диктантқа мектеп оқушылары, студенттер, жалпы кез келген адам қатыса алады. Қатысу тегін. Кез келген адам сауаттылық деңгейін сынай алады. Қатысушыларға электронды алғыс хат пен KITAP қосымшасына жазылым беріледі.
Диктант мәтіні қазақ әдебиетінің жауһарларынан таңдалды. Жоба қорытындысы жыл соңында жарияланып, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі.