Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Конгресс кітапханасына кітаптар тапсырды
Атап айтқанда, Конгресс кітапханасының қорына Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы дайындап, шығарған Oxford Qazaq Dictionary сөздігі, ағылшын тіліндегі Абай шығармаларының жинағы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты дайындап шығарған «Ұлы дала ойындары» және «Қазақтың отбасы фольклоры» деп аталатын еңбектер қосылды. Бұған дейін Конгресс кітапханасына ағылшын тілінде шыққан «Қазіргі қазақ прозасы» және «Қазіргі қазақ поэзиясы» атты антологиялары тапсырылған еді. Бұл шара – АҚШ-тағы Қазақстан елшілігінің бастамасымен қолға алынған жыл сайынға дәстүр.
Анықтама
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» 1989 жылы 22 қыркүйекте құрылған. Биыл Қоғамның құрылғанына 35 жыл толды. Қазақ тілін дамытуға ынталы тіл жанашырларын біріктіретін Қазақстандағы ең ірі қоғамдық ұйым. Қазақ тіліндегі мазмұн қорын арттыру, білім беру жүйесіне әдістемелік қолдау көрсету, тілді дамытуда IT-шешімдерді ұтымды қолдану бағыттарындағы жобалар мен іс-шараларды жүзеге асырады.
Конгресс кітапханасы – әлемдегі ең ірі кітапхана. Кітапхана Вашингтон Америка Құрама Штаттарының астанасы деп танылған 1800 жылы 24 сәуірде құрылған. Кітапхана қоры 500-ге жуық тілдегі 155 миллионнан аса кітаптан тұрады. Мектеп, жоғары оқу орны, ғылыми ұйымдар, мемлекеттік мекемелерге арналған түрлі бағыттағы әдебиеттің барлығын қамтиды. Кітапханада 18 оқу залы бар. Күнделікті 1500 оқырман қабылдай алады. Кітапханаға жылына 1,7 миллионға жуық оқырман келеді, Қызметкерлер саны 3 500-ден асады.