«Қазақ тілі» қоғамы мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі меморандумға қол қойды
Министр Саясат Нұрбек мырза және өзге мамандармен бірге қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған жобалар мен іс-шараларды бірлесіп атқарудың жоспары түзіліп, бірқатар келісімдер жасалды.
Кездесуде түрлі салаларда қазақ тілінің мәртебесін арттырудың жолдары мен әдістері талқыға ұласты.
Атап айтқанда, жасанды интеллектіні қазақша сөйлетуге қажет тілдік модельді дамыту, ғылым, жоғары білім беру, тіл саясаты бағытындағы жұмыстар аясын кеңейту жайлы айтылды. Айтып қана қоймай, оны кезең-кезеңімен жүзеге асырудың нақты жоспары құрылды.
Оқулықтар мен электронды оқулықтарды жетілдіре түсу, оларды жетілдіруге негізделген мазмұн қорын арттыру да назардан тыс қалмады.
Мемлекеттік тілді ғылым тіліне айналдыру мақсатында ғылымның түрлі салаларында мазмұн қалыптастыруға ықпал ететін жобалар санын көбейтіп, сапасын арттыру басты орынға қойылады.
Оған қоса, қазақ тілінің ақпараттық кеңістіктегі үлесін арттырып, танымдық бағыттағы мазмұн қорын еселеу де негізгі жұмыстардың қатарында тұр.
ҚР Тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасын іске асыруда Қоғам мен министрліктің өзара байланысы нығая түспек.