Alemagro компаниясы қазақ тілін дамытуға бағытталған жобаларға қолдау көрсетті

03 маусым 2026 ж.

AlemAgro компаниясы әлеуметтік жауапкершілік аясында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы жүзеге асырып жатқан маңызды тілдік жобаларға бас демеуші ретінде қолдау көрсетті.

Серіктестік аясында 15 жылға жуық тарихы бар «Жарқын болашақ» республикалық қазақ тілі олимпиадасын өткізуге демеушілік жасалды. Биыл байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 5000-нан астам оқушы қатысты. Оның ішінде 3000-ға жуық өзге этнос өкілдерінің болуы жобаның ана тілімізді ортақ рухани кеңістікке айналдырудағы маңызын айқындай түсті. Олимпиада жеңімпаздарына еліміздегі үздік университеттердің 40 білім гранты берілді.

Компанияның қолдауымен жүзеге асқан тағы бір маңызды жоба – Қостанай облысында өткен «Тұлпар мініп, ту алған!» облыстық жыр байқауы болды. Аталған жобаға өңірден 9094 оқушы қатысуға ниет білдіріп, қазақ тілі мен әдебиетіне деген ерекше ықыласын көрсетті. AlemAgro компаниясының тікелей демеушілігімен байқауда І орын алған ұстазға автокөлік табысталды.

«Жас таланттарды қолдау, ана тіліміздің жастар арасында тартымдылығын арттыру – біз үшін маңызды іс. Оқушылардың ұлттық руханиятқа деген ықыласы мен ұстаздардың ерен еңбегін ынталандыру арқылы ел болашағының берік іргетасын қалауға үлес қосамыз деп сенеміз», – дейді AlemAgro компаниясы басшыларының бірі Амангелді Ақбатырұлы.

AlemAgro – агроөнеркәсіп саласында табысты жұмыс істеп келе жатқан, кең ауқымды қызметтер ұсынатын және өзара байланысқан экожүйе қалыптастырған озық қазақстандық компания. Компания өз қызметінде әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, білім, мәдениет және қоғамдық маңызы бар бастамаларды қолдауға ерекше көңіл бөледі.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қазақ тілін қолдауға бағытталған игі бастамалары үшін AlemAgro компаниясына алғыс білдіреді.