Oxford Qazaq Dictionary сөздігінің таныстырылымы өтті
60 мың сөзді қамтыған, жалпы көлемі 1300 беттік қазақша-ағылшынша және ағылшынша-қазақша OXFORD сөздігінің тұңғыш басылымын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы дайындады.
Әлемге танымал Oxford University Press баспасы екітілді Oxford Qazaq Dictionary сөздігін шығаруға ресми рұқсатын берді. Сөздікті жетілдіруге Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары қатысып, сөздік институт ғылыми кеңесінің сараптамасынан өтті. Сөздікті әзірлеуде дүние жүзіне танымал Oxford English Dictionary сөздігін құрастыру әдістемесі мен технологиясы негізге алынды. Сөздік құрастыру жұмысы төрт жыл үздіксіз жүріп, оған қазақ және ағылшын тілінің лексикасына маманданған 50-ден аса тәжірибелі тілші атсалысты. Сөздік құрастыру аясында қазақ және ағылшын тілі лексикасындағы өзгерістер, әсіресе, қазіргі мәдениет, ақпараттық технологиялар, медицина, экономика, қаржы мен сауда саласындағы жаңалықтар ескерілді. Сондай-ақ, сөздікте ағылшын және қазақ тілдерінің грамматикасы мен дыбыстау, емле ережелері түсіндірілетін қысқаша нұсқаулықтар, қазақ тіліндегі іскерлік және электронды хат-хабар жазу үлгілері берілді.
Сонымен бірге, осы сөздік негізінде қазақ тілі Oxford Global Languages платформасына қосылады. Бұл бастаманың мақсаты – әлемнің ірі де, іргелі 100 тілінің лексикалық қорын өзара байланыстырып, ортақ ғаламдық тіл корпусын жасақтау. Oxford Qazaq Dictionary қазақ тілін әлемдегі ең танымал әрі ең беделді сөздіктер желісімен байланыстырып, ғаламдық лингвистикалық ортаға қосылуға мүмкіндік береді.
Сөздік Freedom Holding Corp. қолдауымен 10 000 дана таралыммен басылды. Freedom Holding Corp. – еншіліс Freedom компаниясы арқылы қаржы қызметтері, брокерлік операциялар, инвестиция бойынша кеңес беру, бағалы қағаздар саудасы, инвестициялық-банктік және андеррайтингтік қызметтерді жүзеге асыратын холдинг. Қазіргі таңда холдинг акциялары Nasdaq Capital Market, KASE нарығында сатылады. Холдинг негізін қалаушы – Тимур Турлов. Қазақстандық кәсіпкер, қаржыгер. БҰҰ-ның Жаһандық келісім-шартқа қол қоюшысы ретінде ESG күн тәртібі мен БҰҰ тұрақты даму мақсаттарына «Freedom Шапағат» қоры арқылы қолдау көрсетіліп келеді. Oxford Qazaq Dictionary жобасы БҰҰ тұрақты даму мақсаттарына бірнеше бағытта – жалпыға бірдей және тең сапалы білім, мәдени мұраны сақтау және өзге де талаптарына сай келеді.
Сөздік кең көлемде еліміздің оқу орындарының кітапханаларына таратылады. Желтоқсан айының соңында кітап дүкендерінде сатылымға шығады.
Анықтама: Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы 1989 жылы 22 қыркүйекте құрылған. Ол қазақ тілін дамытуға ынталы тіл жанашырларын біріктіретін Қазақстандағы ең ірі қоғамдық ұйым. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қолданыс аясын кеңейту, беделін арттыру, қазақ мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын насихаттау, тілді қолдану мен оны үйретуде жаңа технологиялық әдістерді пайдалану бағыттарында қызмет атқарады.