Ури Левиннің «Шешімге емес, мәселеге ғашық бол» кітабының қазақша басылымы таныстырылды

05 October 2026

Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында әлемге танымал кәсіпкер, Waze компаниясының негізін қалаушылардың бірі Ури Левиннің «Шешімге емес, мәселеге ғашық бол» кітабының қазақша басылымы таныстырылды. Кітапты қазақ тіліне Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аударып, басып шығарды.

Бұл – кәсіпкерлерге, жаңа өнім әзірлейтін мамандарға және өз идеясын жүзеге асырғысы келетін жандарға арналған практикалық еңбек. Автор өз тәжірибесіне сүйеніп, маңызды мәселені анықтау, тиімді шешім табу және оны сұранысқа ие өнімге айналдыру жолдарын көрсетеді.

Қазақша басылымның алғысөзін Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жазды. Технология мен кәсіпкерлік қарқынды дамып жатқан кезеңде кітаптағы идеялар қазақ оқырманы үшін де өзекті.

Бұл басылым – кәсіпкерлік, технология және инновация саласындағы заманауи білімді қазақ тілінде қолжетімді етуге бағытталған жұмысымыздың жалғасы.

Жақын арада кітап Қазақстанның кітап дүкендерінде сатылымға шығады. Сондай-ақ қосымша таралым шығарып, еліміздің жоғары оқу орындарының кітапханаларына тарату жоспарланып отыр.