Рауан Кенжеханұлының Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның сегізінші отырысында жасаған баяндамасы

05 февраля 2026 г.

Құрметті төрайым!

Қадірлі комиссия мүшелері!

Конституция – халықтың құрылтайшылық еркін білдіретін аса маңызды, ресми құжат қана емес, ол мемлекет құраушы ұлттың төл тарихын, ділін, мәдениетін, салт-дәстүрін, болмысы мен мінезін, дүниетанымын, үкілеген үміті мен асыл арманын бойына сіңірген халықтық үндеу.

Осы айтылғанның барлығын төтелей де, астарлай да қамтып, оларды негізгі заңның өн бойына ойға қонымды, санаға сіңімді, жүрекке жақын етіп орнықтыратын басты құрал – оның тілі.

Біз кімбіз, қалай өмір сүреміз, биліктің шегі мен бостандықтың өлшемі қандай деген сауалдарға жауап беретін, ұлт үшін стратегиялық маңызы бар басты қоғамдық келісім сол ұлттың жаны мен жүрегін сөйлететін өз тілінде жазылуы тиіс. Басқаша болуы да мүмкін емес сияқты.

Алайда біз отыз бес жыл бойы мемлекеттік тілге аударылған негізгі заңмен өмір сүріп келеміз. Яғни халықтың ойлау мен ұғыну кеңістігі бір тілде, ал мемлекеттің іргетасы басқа тілде қаланды. Ұлттың ұстанымы тікелей емес, аударма арқылы берілді.

Ең сапалы аударманың өзінде мағыналық реңктер жоғалады, ұғымдар ығысады, кей жағдайда құқықтық тепе-теңдік өзгереді. Ал негізгі заң үшін бұл аса қауіпті. Себебі бір ғана сөздің қате  қолданылуы конституциялық норманың мәнін өзгертіп жіберуі мүмкін. Өкінішке қарай, қолданыстағы 1995 жылғы Конституцияда мұндай шала аударма аз емес. Мұны заңгерлер де, көзі қарақты тілші мамандар да жақсы біледі.

Негізгі заң мәртебесіндегі мәтіннің құқықтық құрылымы – тілдік құрылымға, лингвистикалық формаға тікелей тәуелді екенін естен шығаруға болмайды. 1995 жылы қабылданған құжаттың басты кемшілігі де осында. Ол мәтінге жасалған үстіртін сараптаманың өзі көптеген өрескел қатенің бетін ашады. Топтап айтар болсақ:

Біріншіден, түпнұсқа мен аударма мәтін арасында мағыналық қайшылықтар бар. Мағына еркін ауытқиды, бірде  тарылып, бірде кеңейеді. 

Екіншіден, қолданылған ұғымдардың  нормативтік реңкі әрқилы – «тыйым», «міндет», «құқық», «кепіл» деңгейі өзгермелі.

Үшіншіден, құқықтық терминдерге сәтсіз таңдалған баламалар аз емес – құқықтық дәстүрде орныққан сөздің орнына эмоциялық, кейде тіпті діни реңкі басым сөздер қолданылған.

Мәселен, «нравственность» деген сөздің баламасы ретінде «имандылық» алынды. «Қоғамдық имандылық», «халықтың имандылығы» сияқты тіркестер бар.

Мемлекет пен діннің ара-жігі ажыратылған зайырлы елдің негізгі заңына «имандылық» сияқты таза діни-этикалық категорияның кіруі – зайырлылық қағидаcына және құқық қолдану бірізділігіне тәуекел тудырды. Оның орына зайырлы өрістегі мораль, адамгершілік, әдеп сияқты ұғымдарға ден қойған орынды болар еді.  

Сол сияқты, құқықтық иммунитетті білдіретін «неприкосновенность» сөзінің баламасы ретінде «тиісуге болмайды» деген жалпылама тыйымды білдіретін тіркес алынған. Мағына жағынан жақын болса да, бұл тіркес құқықтық институттың атауын дәл жеткізе алмайды. Қазір құқықтық иммунитетті сипаттау үшін «қол сұқпау» ұғымы қолданылып жүр.

Төртіншіден, синтаксистік инверсия – кім және нені «шарт етеді», кімнің кімге «тәуелді» екені түсініксіз қалады.

Мысалы, түпнұсқа мәтіндегі логика – «ар-ождан бостандығын пайдалану басқа құқықтар мен міндеттерді шектемеуі тиіс» десе, қазақша нұсқасында – «ар-ождан бостандығын пайдалану құқықтар мен міндеттерге тәуелді болмауы керек» деп оқылады. Бұл объект/себеп қатынасын «кері» түсіндіруге жол ашатын, сөйлем құрылысынан кеткен қате.

Бесіншіден, тілдік бірізділіктің жоқтығы аңғарылды – бір ұғым әр бапта әртүрлі беріледі. Соның ішінде жиі қайталанатын конструкцияларда қате бар: бір жерде «құқығы жоқ», бір жерде «хақысы жоқ», енді бір жерде «құқылы» деп келеді. Конституция деңгейінде мұндай вариативтік кейінгі заңдарда терминді бекітуге, сот практикасында «сол сөздің салмағы» туралы дауға себеп болуы мүмкін.

Қорыта айтқанда, Ата заңның өзге тілде жазылып, мемлекеттік тілге аударылуы – мемлекеттік құрылыс негіздеріне, оның құндылықтары мен құқықтық іргетасына салынған жүйелік ақау, ерте ме, кеш пе жөнделуі тиіс қателік еді.  

Сондықтан біздің бұл комиссия аясындағы жұмысымыз – жаңа Конституция жобасын әзірлеу ғана емес, сонымен қатар осыған дейін жіберілген тарихи ағаттықтың орнын толтыру тұрғысынан да ерекше маңызды.

Тәуелсіз Қазақстанның Ата заңы алғаш рет қазақ тілінде жазылып жатыр.

Заңның қолданылуы әрдайым түпнұсқаға сүйенеді. Егер мемлекеттік тіл заңның түпнұсқа тілі болмаса, соттар, заңгерлер, мемлекеттік органдар өзге тілдегі мәтінге жүгінуге мәжбүр болады. Қазіргі жағдай, өкінішке қарай, дәл осындай. Бұл мемлекеттік тілдің институционалдық рөлін әлсіретіп, оның қадірін кемітеді.

Жаңа Ата заңның мемлекеттік тілде жазылуы символикалық мәні бар қадам ғана емес, аса ауқымды әрі терең, қажет десеңіздер тағдыршешті қолданбалы маңызға ие.

  • Оның түпнұсқасы мемлекеттік тілде жазылды. 
  • Жаңа мәтіндегі ой орамы, норма, құқықтық логика қазақ тілінің ішкі жүйесіне сүйенеді. Бұл мемлекеттік тілдің тек символикалық емес, институционалдық мәртебесін түбегейлі күшейтеді.
  • Заң шығару, түсіндіру, сот ісі бір тілдік логикаға көшеді.
  • Қазақ тілінің табиғи сөз тәртібі, әуезі, сөйлем құрау ережесі, сөзжасам принциптері ескерілді. Бір ұғым – бір термин – бір норма қағидасы сақталған.
  • Құқықтық мағына мен тілдік форма қабысады. Құқықтық қолданыста мағыналық дауға жол бермейтін, анық әрі бірізді мәтін қалыптасты.
  • Жаңа преамбула – негізгі заңның кіріспесі ғана емес, ол ұлттың өзін-өзі тануы, өткені мен келешегін жалғауы, сенетін құндылы, бетке ұстар бағдарын анықтаған құқықтық манифесі.

Дегенмен де, кемелдіктің шегі жоқ. Жаңа жобаның мәтінін оқып, кәсіби пікір айтып жатқан тілші мамандар да көп. Енді, рұқсат болса, қоғамдық талқыға ұсынылған түпнұсқа мәтіндегі кейбір сөз саптау, стиль, тілдің қолданыстағы нормалары мен ережелеріне қатысты сол мамандардың бірер ұсынысын ортаға салайын.

Олардың дені осында отырған әріптесіміз – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Мұратқызы және ол кісі басқаратын институттың тілші мамандарынан келді.

Конституцияның 4-бабының бірінші тармағындағы «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – халық» деген нормадағы «бірден-бір» сөзін «жалғыз» сөзімен алмастыруды ұсынамыз. Себебі қазақ тілінде «бірден-бір» сөзі әдетте біртектес бірнеше объектінің немесе субъектінің ішіндегі ерекшесін, негізгісін айқындау үшін қолданылады. Бұл бейсаналы түрде «халықтан өзге де билік иесі болуы мүмкін» деген ой тудыруы ықтимал. Ал «жалғыз» сөзі баламасыздықты, даралықты нақты білдіреді.

«Және» деген жалғаулық кеңсе стилінің ықпалымен шамадан тыс жиі қолданылған. Бұл заң мәтінінің жасандылығын күшейтеді. Сондықтан кейбір тұстарда «және» жалғаулығының орнына «әрі» жалғаулығын қолдану мәтіннің оқылуын жеңілдетер еді.

Мәтінде көптік жалғауларының тым жиі қолданылуы стильдік сапаны төмендетіп тұр. Онсыз да көптік мағына беретін жалпы ұғымды сөздерге немесе алдында көптік мәнді айқындауыш тұрған сөздерге көптік жалғауының қажеті жоқ. Бұл мәтінді жеңілдетіп, оқуға және түсінуге қолайлы етеді.

Осы секілді стильдік нормаларды сақтау және ана тіліміздің табиғи әуезін ескеру арқылы жаңа Ата заңның мәтінін бұдан да жеңіл, ұғынықты әрі тартымды етуге болады деп сенеміз.  

Берген ұсыныстарымыз Конституция мәтінін жетілдіруге нақты үлес қосады деп кәміл сенеміз. Бұл бағыттағы жұмысқа әрі қарай да жан-жақты атсалысуға дайынбыз.

Назарларыңызға рахмет!