Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселелері талқыланды
Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» Солтүстік Қазақстан облысы филиалының ұйымдастыруымен Петропавл қаласы әкімдігінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және дамыту мәселелеріне арналған жиын өтті.
Іс-шараға жергілікті мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым өкілдері мен әкімдік қызметкерлері қатысты. Жиынға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қоғам қайраткері Дос Көшім арнайы шақырылды.
Кездесу барысында спикер Қазақстан Республикасындағы 2023–2029 жылдарға арналған тіл саясаты тұжырымдамасының негізгі қағидаттарын таныстырып, ономастика саласында атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда ономастика ұлттық тіл саясатының жетекші бағыттарының біріне айналып, ғылыми-практикалық және мәдени-тарихи мәнімен қатар, қоғамдық-саяси маңызға да ие болып отыр.
Осы ретте Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырыстарының екеуінде ономастика саласындағы жұмыстың маңыздылығын ерекше атап өткенін жеткізді. Қала мен көше атауларында халқымыздың шынайы тарихы мен ұлттық болмысы көрініс табуы тиіс екені баса айтылды.
Жиын қорытындысында мемлекеттік тіл саясатының басты мәні — ешкімді мәжбүрлемей, қазақ тілінің күнделікті өмірдегі қолданыс аясын жүйелі түрде кеңейту екені атап өтілді.