Қазақ тілінің өзекті мәселелері талқыланды
Алматы қаласында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алматы қалалық филиалының кезекті отырысы өтті. Жиын мемлекеттік тілдің дамуы мен оны қоғамда кеңінен насихаттаудың өзекті мәселелеріне арналды. Кездесуді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Алматы қалалық филиалының төрағасы Болат Тілеп ашып, қазақ тілінің ұлттық болмыс пен рухани тұтастықтағы орнына тоқталды. Ол филиал құрамына жаңадан қабылданған мүшелерге арнайы куәліктерді салтанатты түрде табыстады.
– Ана тіліміз – біз үшін тек қатынас құралы емес, ұлттық болмысымыздың айнасы. Басты мақсатымыз – қоғамдағы әрбір азаматты тіл жанашыры ретінде біріктіріп, мемлекеттік тілді заман талабына сай дамыту, – деді Болат Анапияұлы.
Отырыста Астанадан арнайы келген Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының атқарушы директоры Абылай Сайлаухан ұйымның негізгі қызмет бағыттары жөнінде баяндама жасап, қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру, тіл мазмұнын заманауи талаптарға бейімдеу және оны цифрлық кеңістікке енгізу бағытында жүйелі іс-қимылдардың жүргізіліп жатқанын атап өтті. Тіл жанашырларына арналып іске қосылған Qazaq Tili Qogamy мобильді қосымшасын таныстырды. Жаңа жоба қазақ тілін қолдаудың заманауи үлгісін қалыптастырып, ортақ цифрлық алаң құруға мүмкіндік береді.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Алматы қаласы филиалы төрағасының орынбасары Жанатбек Ішпекбаев алдағы жоспарлар мен өңірлік бастамаларға тоқталып, мұғалімдер форумдары, жастар олимпиадалары және тіл насихатына бағытталған түрлі жобалар арқылы қазақ тілінің қоғамдағы белсенділігін арттыру көзделіп отырғанын жеткізді. Ал Алматы әкімдігі аппараты Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет тіл мәселесінің қоғам үшін маңызды әрі нәзік тақырып екенін айтты.
– Тілге қатысты туындайтын мәселелер мәдениетті түрде әрі заң аясында шешілуі тиіс. Мемлекеттік тілді дамыту жұмысы мектепке дейінгі кезеңнен басталуы қажет, – деді ол.
Сондай-ақ қазақ тіліндегі қысқаметражды мультфильмдер әзірленіп, олардың әлеуметтік желілер арқылы көпшілікке ұсынылып жатқаны айтылды.
Басқосу соңында Алматы қаласының әр ауданынан келген «Қазақ тілі» қоғамы Алматы қаласы филиалының өкілдері мемлекеттік тілді дамытуға қатысты ұсыныс-пікірлерімен бөлісіп, қоғам жұмысының алдағы бағыттарына қолдау білдірді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру жолындағы жүйелі жұмыстарды бұдан әрі жандандыра түсуге келісті.