«Қазақ тілі» қоғамының кеңейтілген отырысы өтті
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Алматы қалалық филиалының кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оның қоғамдық өмірдегі қолданысын кеңейту мәселелері талқыланды.
Отырысты Абай университетінің басшысы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Алматы қалалық филиалының төрағасы Болат Тілеп ашып, қоғамдық бірлестіктің облыстық және республикалық маңызы бар қалалық филиалдар туралы ережесін талқылаудан бастады.
«Филиалымыздың бүгінгі отырысы қазақ білімінің қара шаңырағы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өтуі жайдан жай емес. Себебі, Хәкім Абайдың есімін иеленген оқу орны үшін мемлекеттік тіл әрқашан басты назарда тұрады. Қазақтың біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынұлы алғаш сабақ берген қасиетті ордамызда ана тілі өз тұғырынан түскен емес. Сондықтан Алматы қаласы – ғылым-білім, мәдениет пен руханияттың орталығы десек, алып шаһардағы қазақ тілінің беделі мен қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тіл саясатын үздіксіз жүргізіп отыру ортақ мүддеміз», – деді Болат Анапияұлы.
Отырыста қазақ тілін балабақшадан бастап дәріптеу, бүлдіршіндерге қазақша анимациялық фильмдерді көбірек ұсыну, «Қуыршақ» театрын мектепке дейінгі мекемелерге тарту, мектептерде тіл саясатын күшейту мәселелері талқыланды.
Кеңейтілген отырыста аудан әкімдері және орынбасарларының ұсынысымен қоғам жұмысын жандандыру үшін Алматының әр ауданынан жауапты тұлғалар бекітілді.
Жұмыс қорытындысы бойынша тіл жанашырлары дәстүрлі түрде кездесіп, кешенді жұмыстарды бірлесе атқару жоспарын бекітті.