Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қызылорда облыстық филиалына жаңа төраға келді
Абайбек Жүнісов – Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің директоры, білім саласында ұзақ жылдардан бері аға оқытушы, бас әдіскер, проректор, ректор қызметтерін атқарған тіл жанашыры. «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен АҚШ-тың Джордж Вашингтон университетінде «Жоғары білім беруді басқарудағы көшбасшылық» бағытында тағылымдамадан өткен.
Аталған жиында ұзақ жылдардан бері «Қазақ тілі» қоғамы Қызылорда облыстық филиалын басқарған Аңсат Сәдуақас Әбдіқадырұлын 80 жас мерейтойымен құттықтап, филиал жұмысына қорытынды жасалды. Шараға қала және аудандардағы «Қазақ тілі» қоғамының төрағалары, қоғам қайраткерлері мен қалалық әкімдік қызметкерлері және мәдениет, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары қатысты. Қызылорда облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы С. Дүйсенбаев, Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Р. Каюпов, Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары С. Смағұлов сөз сөйлеп, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани жетістіктерге тоқталды.
Жиынға дейін Н.Бекежанов атындағы өнер ордасындағы Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сәдуақас Әбдіқадырұлын мерейлі 80 жасымен құттықтап, қазақ тілін дамыту, кеңінен насихаттау жолында қосқан еңбегі үшін Құрмет грамотасымен марапаттаса, «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісін табыстады. Сәдуақас Әбдіқадырұлына дәстүрге сай сый-сияпат көрсетілді.
Сондай-ақ, тіл жанашырларының басқосуында «Қазақ тілі» қоғамының қызметі, болашақта атқарылатын іс-шаралар жоспары талқыланды.