Disney студиясының «Моана 2» анимациялық фильмі қазақ тілінде көрсетілді
Фильмдерді түрлі елдерге бейімдеп, дубляждау – Disney компаниясында бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Disney жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдердегі 40-ға жуық нұсқасын дайындайды. «Қазақ тілі» қоғамының ұйытқы болуымен биылдан бастап ірі халықаралық студиялар әлемдік премьераларын қазақ тілінде ұсына бастады. Осы бастама аясында Disney студиясы биыл «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша» деп аталатын үш фильмін қазақ тіліне аударып, дубляж жұмыстарын қаржыландырды.
Фильм кейіпкерлерін қазақ тілінде сөйлеткендер: қазақстандық әнші Назима, ол Моананың барлық әнін орындайды. Моана Құралай Өтепованың дауысымен сөйлейді. Актриса Айнұр Болат – Моана мен Мауиге қатер төндіретін Матангиді дыбыстады, ал Матангидің әндерін Гауһар Өмірзақова орындады. Қобыланды Болат алпамсадай жартылай құдай Мауиді дыбыстады. Бақытжан Әлпейіс – «күңкілдек бағбан» және Моананың тобының мүшесі Келені «сөйлетті». Қазақ тіліндегі дубляж режиссері – Шах-Мұрат Ордабаев. Музыкалық жетекші – Анель Сіргебаева.
Фильм режиссері – кіші Дэйв Деррик, музыка авторы – «Грэмми» сыйлығының жүлдегерлері Эбигейл Барлоу мен Эмили Беар, «Грэмми» номинанты Опетайя Фоая мен үш дүркін «Гремми» жүлдесінің иегері Марк Манчина.
«Қазақ тіліне аударылып жатқан фильмдерді кеңінен насихаттап, кинотеатрларға барып, қазақ дубляжын қолдауға шақырамыз. Әлемдік студиялардың қазақтілді ортаның қызығушылығын ескеріп, туындыларын өз есебінен аударып, ұсынуы – біз үшін өте жақсы жаңалық. Биылғы әлемдік премьералардың қазақ тіліндегі аудармасы бұрын соңды болмаған рекордтық көрсеткіштерге жетті. Қазақша кино қарауға ықыласты қауымның көбейгені анық байқалды. Алдағы уақытта танымал туындыларды қазақ тіліне аудару дәстүрі жалғаса береді. Бұл тіліміздің, әсіресе, балалар мен жастар үшін тартымдылығын арттыруға және кеңінен таратуға бағытталған тиімді тәсіл деп санаймын», - дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.
«Моана 2»-нің қазақша нұсқасы бокс-офистердің 12,36% үлесін қамтыды. Кассалық табыс үлесі 12 күнде 151 000 000 теңгеден асып, қазақшаға аударылған анимациялық фильмдер арасында ең табысты туынды ретінде рекорд орнатты. Биыл маусым айында Disney мен Pixar студиясының «Ойжұмбақ 2» фильмі алғашқы 4 күнде 40 000 000 теңгеден астам қаражат жинап, бұған дейін көрсетілген туындылар арасында рекорд орнатқан еді.