Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы – тіл жанашырларының басын біріктіруші ең үлкен алаң.
Қазақ тілі – ел бірлігінің, болмысының және болашағының негізі.
Біздің миссиямыз – оны ұлттық деңгейде дамытып, халықаралық деңгейде мойындату, жастарға заманауи, тартымды етіп ұсыну, ғылым мен технология тіліне айналдыру, сондай-ақ мемлекеттік мәртебесін толыққанды іске асыруға ықпал ету.
Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында әлемге танымал кәсіпкер, Waze компаниясының негізін қалаушылардың бірі Ури Левиннің «Шешімге емес, мәселеге ғашық бол» кітабының қазақша басылымы таныстырылды. Кітапты қазақ тіліне Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аударып, басып шығарды. Бұл – кәсіпкерлерге, жаңа өнім әзірлейтін мамандарға және өз идеясын жүзеге асырғысы келетін жандарға арналған практикалық еңбек. Автор өз тәжірибесіне сүйеніп, маңызды мәселені анықтау, тиімді шешім табу және оны сұранысқа ие өнімге айналдыру жолдарын көрсетеді.
Digital Bridge 2026 форумы аясында «Қазақтелеком» АҚ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы және FireBird AI арасында ынтымақтастық туралы ресми меморандумға қол қойылды. Кездесуге «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин, «КТ-ТЕЛЕКОМ» ЖШС бас директоры О. С. Ақбаев, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, NVIDIA вице-президенті Rev Lebaredian, FireBird AI негізін қалаушылардың бірі әрі бас атқарушы директоры Razmig Hovaghimian, сондай-ақ FireBird AI негізін қалаушылардың бірі Alexander Yesayan қатысты.